Австриялық байқаушы Қазақстандағы сайлауда мүгедектер құқығын тиімді жетілдіруді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау Қазақстанның үлкен прогресте екенін аңғартты. Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына арналған брифингте халықаралық байқаушы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы төрағасы, Австрия Парламенті Ұлттық кеңесінің бұрынғы депутаты Вольфганг Гроссрук осылай мәлім етті.

«Қазақстандағы сайлау барысын байқауға алғаш рет 2014 жылы келген едік, Алматыда болғанбыз. Біздің байқауға қатысты тәжірибелеріміз баршылық. Сондықтан да, бұл сайлаудың сапалылық жағынан жетілгенін айтуға болады. Бастапқы жылдары сайлау комиссияларынан бастап, сайлаушыларға дейін проблемалар орын алып тұратын. Қазір үлкен прогресті байқадық», - деді Вольфганг Гроссрук.

Сарапшының айтуынша, сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру деңгейі аса жоғары сапаға сай келеді. «Біз сайлаушылар тарапынан сын айтылатын шығар деп күткен едік. Алайда, бәрі тыныш өтті. Сондықтан да, сайлау үдерісі үлкен даму деңгейінен өтті деп мәлімдей аламыз», - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, сайлауға қатысты басқа партия өкілдері де ешқандай сын-ескертпелер мен шағымдар айтқан емес. «Біз күткен жағдайлардың бәрі жағымды сипатқа ие болды. Бір ғана пункт бойынша сын бар: мәселен мүгедектердің құқықтары бағытын әлі де жетілдіруге болатын еді. Мысалы, Австрияда ондай мүмкіндігі шектеулі азаматтар сайлау учаскесіне келе алмаса олар хат арқылы дауыс бере алады. Бұндай үдеріс Еуропада да бар. Сондықтан да, мұндай шара Қазақстанда келесі сайлауға дейін енетініне сенім білдіргім келеді», - деді Вольфганг Гроссрук.

Сөз соңында сарапшы Қазақстан халқын қонақжайлылығы үшін және жоғары ұйымдастырушылықтары үшін алғысын жеткізді.