Жас жігіт аутизмге шалдыққан. Ариан - Австрияның тумасы. Осыдан үш жыл бұрын үйінен кетіп қалған. Оны Интерпол Австрияда ғана емес, бүкіл Еуропа аумағында іздеді. Сол аралықта ол туған елінен кетіп, Италияның Милан қаласының маңайында тұрып жатқан.
Үш жылдан бері ол өзін басқаларға Антонио Галло деген атпен таныстыратын. Туыстары туралы сұрағанда, «Флоренциядағы қайғылы оқиға кезінде жақындарымнан түгел айырылып қалдым» деп жауап берген. Өткен жылдың мамыр айында Ариан осы жалған аты-жөнімен Миландағы университетке оқуға да түскен.
«Менің ойымша, ол өзінің аты-жөнін ұмытып қалған жоқ. Тек ешкімге шынын айтқысы келмеген. Ариан өз бетінше өмір сүргісі келді, сол үшін күтпеген жерден үйінен кетті. Оның бар ойы осы болған», - дейді нейропсихиатр Рикардо Таниэли.
Бірнеше күн бұрын Ариан падегогтардың біріне полицейлермен сөйлескісі келетінін жеткізіп, әкесінің аты-жөнін айтқан. Сол кезде жас жігіттің іздеуде жүргені белгілі болды. Осы ақпараттың арқасында австриялық отбасы ұлымен қауышты.