Автобус өзенге құлап, үш адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 45 адам, оның ішінде 43-і турист мінген автобус ҚХР-дің солтүстік батысындағы Тибет автономиялық өлкесі аумағында өзенге құлады.

Қайғылы оқиға салдарынан үш адам мерт болып, 13-і хабар-ошарсыз жоғалды. Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасай отырып Синьхуа агенттігі хабарлады.

Апат жергілікті уақытпен сағат 11:20-да орын алды, 29 адам аман, құтқару жұмыстары жалғасуда. "Чжунго синьвэнь" агенттігінің деректеріне сүйенсек, Тибет астанасы Лхас қаласынан Ньингчи округіне бара жатқан туристік автобустың аударылуына алдыңғы дөңгелектің тесілуі себеп болған. Соның салдарынан көлікті басқару мүмкін болмай, аударылып, жол маңында ағып жатқан өзенге құлаған.