Автобус жүргізушілерінің жүгенін тартып, жөнге салу ешкімнің қолынан келмей тұр - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 маусым, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында ҮИИДМБ шеңберінде химиялық өндіріс саласын дамыту мәселелері қаралып, сала бойынша әзірленген мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Химия өнеркәсібі өркендей түспек» деген тақырыптағы мақаласында. «Өкініштісі, химиялық өндіріс саласында жұмыс істейтін мамандар тапшы. Қазіргі уақытта білікті мамандар жетіспейді. Осылайша, 2020 жылға қарай химия саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыру үшін әртүрлі біліктіліктегі 15 мың­ға жуық жұмысшы қажет болады. Оның ішінде, жоғары білімді 3 мыңнан, орташа техникалық білімі бар 2 мыңнан астам адам керек, сондай-ақ т.б. кәсіби білімі бар 10 мың білікті маман қажет», - деп жазады басылым.

Осы басылымның жазуынша, кеше Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутерришпен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстанның Бос­қын­дар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасымен ынты­мақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ, Қазақстанда босқындар құқығын қорғауды қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Талқылау барысында Нұр­сұл­тан Назарбаев Қазақстан Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасына жан-жақ­ты қолдау көрсететінін атап өтті. Ал А.Гутерриш Қазақстан Үкі­метіне БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар бас­қармасымен жемісті ынты­мақ­тастығы үшін алғысын білдірді. Ақпарат «Қазақстан - 15 мың босқынға пана» деген тақырыппен берілген.

***

Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кедендік бекеттерінде орын алған экономикалық контрабанда фактілеріне байланысты қылмыстық істің материалын қарап, алдын ала сот тыңдауын өткізді. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қорғас ісі сотқа жетті» деген тақырыппен берілген. Сонымен, басылымның жазуынша, ұзақ уақытқа созылған бұл қылмыстық істі сотта қарау маусымның 20-сына белгіленді. Бір жарым мың томдық қылмыстық іс Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторының әскери сотында өтеді. Іс бойынша 45 адам айыпталушы ретінде жауапқа тартылады, оның 42-сі қамауда отырса, 3-еуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Ал іздеуде жүрген 19-ына қатысты әзірге ешқандай дерек жоқ. Барлық сотталушыларға қатысты бұлтартпау шаралары өзгеріссіз қалдырылған. Бұл қылмыстық іс өте ауқымды болғандықтан сот процесі бір жылға дейін созылуы мүмкін.

Асыл металдар әлемдік нарықтардағы өзінің бағасын біраз төмендетіп алғаны алаңдаушылық тудырды. Әйтсе де, мұның уақытша өтпелі кезең екенін, ертең-ақ алтыннан салмақты ештеңе болмайтынын ұғатындар оны осы арзан кезінде көптеп сатып алуға кірісті. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Арзан кезінде алған жөн» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның JP Morgan банкі сарапшыларына сілтеме жасауынша, алтын 2013 жылдың соңына қарай бағасын тіпті құлдырата түседі. Оның бір унциясы 1715-тен 1595 долларға дейін төмендейді. «Ал Bank of America Merrill Lynch те одан қалыспай отыр. Алтын бағасы жыл соңына дейін-ақ құлдырай бастауы әбден мүмкін екенін алға тартқан банк, оларға деген сұраныс пен фундаментальді көрсеткіштерінің әлсіздігіне иек артуда. Халықаралық сарапшылар қандай болжам жасаса да, өз еріктері өзінде, ал біз алтынның бағасы арзан болып тұрған кезеңді тиімді пайдаланып қаламыз деген ниеттегі орталық банктер қазынасындағы алтын қорын молайта түсуде. Соған қарап-ақ алтынның алтын болып қала беретініне сенім бар», - деп жазады басылым.

***

Автобус жүргізушілерінің жүгенін тартып, жөнге салып, түзу жолға түсіру қазір ешкімнің қолынан келмей тұр. Жолаушылар өміріне жауапты екенін ұмытып, жоспар қуып, жол ережесін ескермей, талайдың өмірін қауіпке тігіп, тіпті кейде адам өліміне себепші болып жатса да, айылын бір жияр емес. Жол ортасында жолаушыларды түсіріп-мінгізу олар үшін қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Бір ғана Алматы қаласында ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында автобустардың қатысуымен 69 жол апаты тіркеліп, онда екі адам ажал құшып, 99 адам әртүрлі тән жарақатын алған. Оның ішінде 48 жағдайда жол-көлік апатына автобус жүргізушілері кінәлі деп табылған. Осынау күрделі мәселе арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Автобус жүргізушілері қашан айылын жияды?» деген тақырыппен берілді.