Автобуста кондиционер қосылмаған жағдайда қайда шағымдануға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – «№1 Автобус паркi» АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев ыстық күндері кондиционерлері қосылмаған автобустарға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде қалада жолаушылар тасымалымен 6 автобус паркі айналысып келеді. Оның арасында №1 Автобус паркiміз мемлекеттік кәсіпорын саналады, ал қалғаны жекеменшікте. Біздің автобус паркіндегі жағдайға тоқталсақ, кондиционері дұрыс істемейтін көліктер таңертең бағдарға шығарылмайды. Автобус жолда келе жатқанда кондиционер істен шығуы мүмкін. Бұл жағдайда автобус соңғы аялдамаға жеткен соң маршруттан шығып, базаға барады. Сол күні кондиционерді жөндегеннен кейін, автобус қайта жолға шығады», - деді М. Шақаев Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ол әр автобуста жүргізушінің аты-жөні және басқа да деректері арнайы ілінетінін еске салды. Егер қызметкерлер жұмысына шағымдар болса, қала тұрғындары 109 қызметіне (iKomek) хабарласа алады.

«iKomek-ке түскен барлық шағым міндетті түрде қаралады. Біз шағымдарды қарастырып, тәртіптік жаза бойынша шара қабылдаймыз», - деді кәсіпорын басшысы.

Айта кетейік, қалада 6 автобус паркі қызмет көрсетіп жатыр. Күн сайын елорда көшелерінде 850-ден астам автобус жүреді. «№1 Автобус паркі» елорданың бүкіл маршруттық желісінің шамамен 70 пайызын қамтиды, яғни 38 қалалық бағдарға және 28 қала маңындағы бағдарға (100%) қызмет көрсетіп келеді.