«Автобустағы концерт»: Семейде қоғамдық көлік жүргізушілерін өнерпаз жастар ерекше құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Семей қаласының өнерпаздары Еңбек күніне орай қоғамдық көлік жүргізушілеріне ерекше құрмет көрсетіп, оларды мерекеcімен құттықтады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қоғамдық көлік жүргізушілері халықтың бір жерден екінші жерге уақтылы жетуін қамтамасыз етіп, қаланың тыныс-тіршілігін сақтап тұрған негізгі мамандық иелері.

Мерекелік шара барысында өнерпаздар жүргізушілерге арнап ән-жырдан шашу шашып, жылы лебіздерін білдірді.

Жүргізушілердің қаланың тіршілігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлі мен халыққа көрсетіп жүрген қызметі құрметке лайықты екені баса айтылды.

Қоғамдық көлік жүргізушілері бұл құттықтауларды ризашылықпен қабылдап, шараға қатысқан өнерпаздарға алғыстарын жеткізді. Олардың айтуынша, мұндай шаралар күнделікті тынымсыз еңбекті мойындап, рухани күш беріп, алда ынтамен жұмыс істеуге үлкен серпін береді.

Шараның басты мақсаты — жүргізушілердің еңбегін дәріптеп, олардың қоғамдық өмірдегі рөлін айрықша атап көрсету, сондай-ақ қалалық тұрғындарға күнделікті ыңғайлы және қауіпсіз қызмет көрсетуге атсалысатын әрбір маманның еңбегін бағалау болды.