Маңғыстау және Атырау облыстары автогазбен толық қамтамасыз етілген – Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Еліміздің батыс өңірлеріндегі автогаз нарығындағы жағдайға қатысты ақпараттық кеңістікте тараған хабарламаларға байланысты Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Министрлік мәліметінше, Маңғыстау және Атырау облыстарына сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты режимде және өңірлердің ай сайынғы есептік қажеттілігінен жоғары көлемде жүзеге асырылып жатыр.

- Маңғыстау облысы бойынша: облыс әкімдігі мәлімдеген 18 мың тонна қажеттілікке қарамастан, Министрлік маусым айына өңірге 19,5 мың тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Бұдан бөлек, сұраныстың артуын өтеу мақсатында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ресурстарынан қосымша 1,5 мың тонна газ бөлінді. Аталған көлем өңірдегі автокөліктерді және транзиттік көліктерді толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Газды тиеп-жөнелту күн сайын жалғасып жатыр.

Атырау облысы бойынша: өңірдің есептік қажеттілігі 9 мың тонна. Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы профилактикалық жөндеуге тоқтауына байланысты министрлік алдын ала жеткізу бағыттарын қайта қарап, өңірге резервтік көлемдерді жөнелтті. Нәтижесінде маусым айында Атырау облысы 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етілді. Қажеттіліктен тыс бөлінген қосымша көлем (2,5 мың тоннадан астам) АМӨЗ жөндеу кезеңінде автокөлік иелерінің қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік жергілікті сипаттағы уақытша іркілістердің Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемінің төмендеуімен байланысты екені жөнінде таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Сонымен қатар кен орнындағы жоспарлы жұмыстар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізбейтінін атап өтті. Отандық тұтынушылар отынмен қалыпты жұмыс режимінде қамтамасыз етілді.

Атырауда автогаз тапшылығына байланысты жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болғанын жазған едік.

Атырауда автогазды дұрыс бөлмеді деген күдікпен басқарма тергеліп жатыр.