ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жүргізуші автокөлігімен каналға түсіп кетіп, қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға 31 қазан күні Ақжайық ауданында болды.
Сағат 17.00 шамасында 33 жастағы жүргізуші «Фольксваген Гольф-2» автокөлігінің руліне ие бола алмай, Бударин каналына түсіп кеткен.
Содан кейін автокөліктен шыға алмай, көз жұмған.
Марқұмның денесі судан шығарылып, сот-медициналық сараптама жасау үшін Орал қаласындағы мәйітханаға жіберілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әйелді катермен қағып өлтірген жасөспірімге қатысты сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).