Акция барысында ҚР ІІМ Жол полициясы басқармасының тіркеу-емтихан бөлімдеріне келген автокөлік иелері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлды Интернет арқылы төлеу мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, «электрондық үкімет» порталының көмегімен кезекте тұрмай-ақ, айыппұл төлеудің жолдарымен танысады.
Бұл шараны ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ ұйымдастырып отыр.
«Электрондық үкіметтің» ЖҚЕ бұзғаны үшін жол полициясы қызметкерлері белгілеген айыппұлды төлеу қызметі өткен жылдың қараша айынан бастап еліміздің барлық аймағының тұрғындары үшін қолжетімді. Бүгінгі күні төлемнің аталған түрі бойынша www.egov.kz порталы арқылы бюджетке 1 250 000 астам теңге түсті.
Айыппұлды «онлайн» тәртібінде төлеу үшін жүргізуші куәлігі не болмаса әкімшілік бұзушылық туралы хаттама мәліметтерін (бланк сериясы, нөмірі, ЖҚЕ бұзған күні) www.egov.kz порталындағы арнайы жолақта көрсету қажет.
Айыппұлды Visa немесе Mastercard төлем карточкаларының көмегімен төлеуге болады. Электрондық төлемнің тиімділігі, бірінші кезекте, айыппұлдың өтелгені туралы ақпарат бірден ІІМ Жол қозғалысы ережесін бұзу туралы орталықтандырылған деректер қорына келіп түседі. Осыдан кейін айыппұл өтелген болып есептеледі.
Айыппұлды өтегеннен кейін қолданушыға электрондық чек беріледі. Ол қолданушының электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде сақталады.
Қажет болған жағдайда не болмаса бұрын алып қойған жүргізуші куәлігін қайтарып алу үшін оны басып шығарып, ішкі істер органдарының жол полициясы бөліміне көрсете аласыз.
Жақын күндері «электрондық үкімет» порталында бейнебақылау жүйелерінде тіркелген ЖҚЕ бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды «онлайн» төлеу қызметі ұсынылады.