Автокөлік жүргізушілерінің 85 пайызы Астана жолдарында құқықтық тәртіп жақсарды деп есептейді

None
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Автокөлік жүргізушілерінің 85 пайызы соңғы жылдары Астана қаласының жолдарында құқықтық тәртіп жақсарды деп есептейді.

Елордада Жол полициясының қызметкерлері мен «Нұр Отан» ХДП-нің өкілдері өткізген сауалнаманың нәтижесі осындай, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД-нің Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қалалық Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мамырдың 19-ы күні Астанада өткен «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында үгіт-түсінік тобы халық арасында жол қозғалысы ережесін сақталуына қатысты сауалнама жүргізді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынып жатқан игілікті жұмыстар нәтижелі болғандығын алға тартып, жолдардағы құқықтық тәртіптің әлдеқайда жақсарғандығы жөнінде 85 пайыз респондент жауап берген. 2 пайызы - бұл пікірмен келіспейтіндіктерін айтты. Ал 13 пайызы - жолдағы тәртіп деңгейі бұрынғы қалпында деп есептейді.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 47 пайызы Жол полициясы қызметкерлері жолдағы апаттық жағдайдың оңалуына, азаюына әсер етеді деп отыр. Ал 47 пайызы олай ойламайтын болып шықты. Қалған 6 пайыз респонденттің жауабы бойынша, полицейлер барлық кезде емес, кейбір сәттерде ғана жағдайдың жақсаруына әсер етеді деп жауап қайырған.