Автокөліктерді тіркеу мен жүргізуші куәлігін берумен айналысатын 4 ХҚКО ілкі режімде жұмысын бастайтын болды

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Биыл Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін берумен айналысатын 4 халыққа қызмет көрсету орталығы ілкі режімде  іске қосылатыны жоспарланады.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев  мәлім етті.

Министрдің айтуынша, биылдан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту жұмыстары одан әрі жалғасын табады. «Өткен жылы 28 орталыққа жаңғырту жұмысы жүргізілген болатын. Нәтижесінде тұрғындардың халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне қанағаттанушылық білдіру деңгейі 65-тен 76 пайызға дейін өсті. Керісінше, қызмет көрсету уақыты 60 минуттан 15-20 минутқа қысқарды. Ағымдағы жылы тағы да 221 халыққа қызмет көрсету орталықтары жаңғыртылады. Орталықтарда кедергісіз қызмет көрсету, еңбекті бағалау қағидаттары енгізіледі»,-деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысының айтуынша, 2012 жылы министрлік 56 мобильдік халыққа қызмет көрсету орталықтарын іске қосуды жоспарлайды. Ал, бүгінгі таңда мұндай мобильді орталықтардың саны 14.