АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада автокөліктердің доңғалақтарын ұрлаумен айналысқан кәмілеттік жасқа толмаған жасөспірімдер ұсталды. Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік және ақпарат бөлімінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқиға наурыздың 7-інен 8-іне қараған түні орын алып, криминалдық полицейлердің жедел іс-әрекетінің арқасында кәмілеттік жасқа толмаған үш елордалық жасөспірім құрықталды. Олардың біреуі бұған дейін де істі болған. Тергеу амалдары барысында бұл жасөспірімдердің осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы бар екендігі анықталды.
Аталған іс бойынша Алматы аудандық ІІБ Тергеу басқармасы ҚР ҚК 175-ші бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бұл бап 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.