Автокөліктердің техникалық байқаудан өткендігі туралы жалған құжат жасаушы ұсталды

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Автокөліктердің техникалық байқаудан өткендігі туралы жалған құжат жасаушы құрықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Қуанышбек Жұманов бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.

Ресми өкілдің атап өтуіне қарағанда, Қарағанды облысының полиция бөліміне белгісіз біреудің көліктерді техникалық байқаудан өткізгені туралы қолдан жасалған куәліктерді сатумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түскен. Сол күні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде 25 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтаған. Одан автомашиналардың техникалық байқаудан өткені туралы қолдан жасалған 7 куәлік тәркіленген.

«Алынған талондар сот-криминалистикалық сараптамаға жіберіліп, қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде», деді ол.