— Ендігі негізгі міндет — дайын автокөлік шығарумен қатар, оның құрамдас бөліктерін өз елімізде өндіруді дамыту. Осы бағытта локализация деңгейін арттыру, автокомпоненттердің отандық өндірісін жолға қою және қазақстандық жеткізушілердің өндірістік экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жаңа нарықтарды игеру, инженерлік әлеуетті арттыру және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге басымдық берілетін болады, — деді ол.
Өткен жылы салада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды.
— Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 миллиард теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты 2 ірі зауыт ашылды. Зауыттар заманауи технологиялармен жабдықталып, автоматтандырылған. Бүгінде мұнда 135 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді, — деді министр.
Оның сөзінше, саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
— Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автокөлік жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк көліктерді шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау станциялары желісін дамыту көзделіп отыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда автокөлік саны 6 миллионға жуықтағанын жазғанбыз.