Автокөлік терезесін толық қараңғылауға рұқсат беріле ме – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ІІМ Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментінің басшысы Ренат Зұлхайыров автокөліктердің алдыңғы бүйір терезесін ақылы түрде қараңғылауды заңдастыру ұсынысына пікір айтты.
- Министрліктің Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментінің басшысы ретінде айтарым, бізге осы тақырып бойынша бұйрық немесе тиісті құжаттар келіп түскен жоқ. Атап айтқанда, автокөлік терезелерін толық қараңғылауға рұқсат беру жоспары жоқ, - деді Р. Зұлхайыров Парламент Сенатында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, биыл мамыр айында Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автокөліктердің алдыңғы бүйір терезесін ақылы түрде қараңғылауды заңдастыру туралы ұсыныс айтты.
Бұған дейін ІІМ көлік терезелерін қараңғылау бойынша талаптарды түсіндірген еді.