Онда «РФ шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» республикалық маңызы бар автожол учаскесін күрделі жөндеу туралы айтылып отыр.
Депутаттың пайымынша, жоба бастапқыда 13,2 млрд теңгеге бағаланған болатын. Жоспар бойынша 2023 жылы жолдарды жөндеуге 3 млрд теңге бөлінуі тиіс еді, алайда оның тек 1,6 млрд теңгесі ғана түсті. Қазір жұмыс кезеңін аяқтау үшін бұл ақша жеткіліксіз, яғни облыс тұрғындары уақытында жақсы жолға қол жеткізе алмайтын болды.
«Автомобиль жолы ауданды Ақмола облысының орталығымен өзара байланыстырады және ол Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық маңызы бар көлік-логистика дәлізі саналады. Біздің халықпен кездесулеріміз барысында жалпы саны 2 мыңға жуық адам болатын осы жол бойында орналасқан бірнеше ауылдың тұрғындары жолды жөндеуді белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті. Жолдардың ескіруіне байланысты автокөлік жиі бұзылады, адамдар уақытылы медициналық көмек ала алмайды, шағын бизнес дамымайды», - деді Талғат Жүнісов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, жұмыстарды жалғастыру және жолды 2025 жылы іске қосу үшін 2024 жылға қажет қаржы сомасы 10 млрд теңгені құрап отыр. Егер жобаны толық іске асыруға ақша бөлінбесе, жобаның құнын қайтадан түзетуге тура келеді, бұл жобаның қымбаттауына әкеледі.
«Баяндалғанның негізінде 2024 жылы «РФ шекарасы – Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін күрделі жөндеу жобасын аяқтауға қаражат бөлу туралы, сондай-ақ республикалық бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаражатты ұлғайту мәселесін шешуді сұраймыз», - деді сенатор.