Автокөлікке ай сайын қанша ақша жұмсалады

АСТАНА. KAZINFORM — Автокөлік сатып алумен шығын бітпейді. Жанармай, сақтандыру, жөндеу, техникалық қызмет көрсету мен тұрақ ақысы да қалтаға салмақ түсіреді. Kazinform тілшісі елімізде ең көп сатылатын көліктердің ішінен бастапқы бағасы ең арзан және ең қымбат екі модельді таңдап, оларға ай сайын қанша ақша жұмсалатынын анықтады.

Фото: Kazinform\ЖИ

Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ең көп сатылған 20 модельдің ішінде бастапқы бағасы ең арзаны — JAC S3 Pro. Оның құны 5 990 000 теңгеден басталады. Ал тізімдегі ең қымбат модель — Toyota Camry. Оның бастапқы бағасы 18 690 000 теңге. Нақты құны жабдықталуына қарай өзгереді.

Осы екі көлікке кететін шығынды салыстыру үшін Kazinform тілшісі Автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарянға жүгінді.
Сарапшы екі модельдің шығынын бірдей жағдайда есептеді. Ол үшін көліктер Астанада айына орта есеппен 1 000 шақырым, жылына 12 000 шақырым жүреді деп алынды.
Жанармайға қанша ақша кетеді?

Сарапшының есебінше, JAC S3 Pro 100 шақырымға орта есеппен 9 литр, Toyota Camry 10 литр бензин жұмсайды.

АИ-92 бензинінің литрі 250 теңге болса, JAC S3 Pro-ға айына шамамен 22 500 теңге, жылына 270 мың теңге кетеді. Toyota Camry үшін бұл шығын айына 25 мың, жылына 300 мың теңгені құрайды.

Ал литрі 310 теңге тұратын АИ-95 бензинін пайдаланса, JAC S3 Pro-ға айына шамамен 28 мың, жылына 335 мың теңге жұмсалады. Toyota Camry үшін айлық шығын 31 мың, жылдық шығын 372 мың теңгеге жетеді.

Артур Мискарян есепте жанармай шығынының ең төменгі орташа көрсеткіштері алынғанын ескертті. Күнделікті пайдалану кезінде JAC S3 Pro 100 шақырымға 11-12 литр, Toyota Camry 15-16 литрге дейін бензин жұмсауы мүмкін.

Сақтандыру мен көлік салығы

JAC S3 Pro үшін жылдық көлік салығы шамамен 8 мың теңге, Toyota Camry үшін 27 мың теңге.

Ал көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға әр модель үшін 54 мың теңгеден есептелген.

Сақтандыру ақысы көліктің қай өңірде тіркелгеніне, жүргізушінің жасы мен өтіліне, сондай-ақ бұрынғы сақтандыру жағдайларына байланысты өзгереді. Бұл есепке ерікті автосақтандыру (КАСКО) кірмеген.

Техникалық қызмет көрсету

Артур Мискарянның есебінше, жылына 12 мың шақырым жүретін JAC S3 Pro-ға жоспарлы техникалық қызмет көрсету үшін 120-300 мың теңге қажет. Toyota Camry үшін бұл шығын 150-350 мың теңгені құрайды.

Нақты сома өндірушінің талаптарына, көліктің жүрген жолына, қажетті материалдардың бағасына және қызмет көрсететін орталыққа байланысты.

Қысқы дөңгелек пен оны ауыстыру

JAC S3 Pro-ға арналған төрт қысқы дөңгелек шамамен 80-300 мың теңге тұрады. Toyota Camry үшін 180-450 мың теңге қажет.

Дөңгелектің бағасы өлшеміне, өндірушісіне және сатып алатын маусымға қарай өзгереді.
Ал дөңгелекті жылына екі рет ауыстыру JAC S3 Pro иесіне шамамен 25 мың, Toyota Camry иесіне 35 мың теңгеге түседі.

Көлік жуу мен тұрақ ақысы

JAC S3 Pro көлігін жууға айына шамамен 10 мың теңге, жылына 120 мың теңге кетеді. Toyota Camry үшін бұл шығын айына 15 мың, жылына 180 мың теңгені құрайды.
Ақылы тұрақтарды ара-тұра пайдалануға екі модель үшін де жылына шамамен 100 мың теңге қарастырылған.

Жөндеу мен қосалқы бөлшектер

Жөндеу жұмыстары мен қосалқы бөлшектерге де алдын ала ақша қарастырған жөн.
Сарапшының есебінше, JAC S3 Pro үшін жылына 50-200 мың теңге, Toyota Camry үшін 80-300 мың теңге қажет болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, әйнек жуатын қатпайтын сұйықтық, әйнек тазалағыш щеткалар мен басқа да ұсақ керек-жарақтарға қаражат жұмсалады. Оларға JAC S3 Pro үшін жылына шамамен 50 мың, Toyota Camry үшін 70 мың теңге есептелген.

Жалпы шығын қанша болады?

Жанармай, міндетті сақтандыру, көлік салығы, техникалық қызмет көрсету, дөңгелек сатып алу мен ауыстыру, көлік жуу, тұрақ, жөндеу және басқа да шығындарды қосқанда, JAC S3 Pro-ға жылына 658 мыңнан 1 млн 569 мың теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін. Бұл айына шамамен 55-131 мың теңге.

Toyota Camry үшін жылдық шығын 818 мыңнан 1 млн 999 мың теңгеге дейін жетеді. Айына шаққанда 68-167 мың теңге.

Автосарапшының алдын ала бағалауынша, екі көлікке кететін жылдық шығынның айырмасы 200-400 мың теңге болуы мүмкін.

Бұған қоса КАСКО, ақылы жолдар, айыппұлдар, көлікті эвакуатормен тасымалдау және есепке кірмеген қосымша жабдықтарға ақша кетуі мүмкін. Егер көлік несиеге сатып алынса, банкке төленетін пайыздар мен өзге төлемдерді де ескеру қажет.

Артур Мискарян екі модельдің айырмашылығын да ескертті. JAC S3 Pro мен Toyota Camry шанақ түрі, жабдықталуы, санаты, көлемі, салмағы мен бағасы жағынан бірдей емес. Олардың сатып алушылары да әртүрлі. Сондықтан бұл салыстыруды қай көлікті сатып алған тиімді екенін анықтайтын ұсыныс ретінде қабылдауға болмайды.

Бұған дейін көлік жөндеу қызметі қанша тұратынын жазған едік.