Жеке көлік аса жоғары ауқаттылық белгісіне айналуы тиіс - Өзбекстан президенті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев вице-премьер Ачилбай Раматов және басқа да жауапты басшыларға Ташкенттегі көлік кептелісін шешуді тапсырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Қырғызстан Президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлімдегендей, кеңес барысында Шавкат Мирзиёев Ташкенттегі көлік қозғалысының үлкен мәселеге айналып бара жатқанын айтып, саланы сынға алды. Жұмыс күндері кейбір көшелердегі кептеліс көлемі орта есеппен 7-9 балл, кейде 10 балға жетіп жатады. Ал бірқатар көшеде артық жүктеме бар. Нәтижесінде қарбалас уақытта межелі жерге бару үшін 2 есе көп уақыт кетеді.

Осыған байланысты Шавкат Мирзиёев вице-премьер Ачилбай Раматовқа, Көлік министрлігіне және Ташкент хокимиатына мәселені шешу бойынша жүйелі ұсыныс дайындауды тапсырды.

«Қала құрылысы мен жол қозғалысына жауапты барлық басшылар «Қала жаяу жүргіншілер үшін» деген пайымды өздерінің басты қағидасы етуі керек. Бұл ретте қоғамдық көлікке басымдық беріліп, жеке автомобиль аса жоғары ауқаттылық белгісіне айналуы тиіс», - деді Өзбекстан президенті.