«Орташа алғанда бір автокөлікті жууға шамамен 200-250 литр су жұмсалады. Жүк машиналары мен автобустарды жууға 500-700 литр су кетеді. Бұл жылына шамамен 100 млн текше метр су деген сөз. Ал монша кешендерінің суды тұтынуы жылына шамамен 120 млн текше метрді құрайды», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өтіп жатқан «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелде жасаған баяндамасында.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны шамамен 5 млн бірлік. Оның 88,1%-ы жеңіл автомобильдер, 10%-ы жүк және 2,1%-ы автобустар. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда автомобильдер саны орта есеппен 18,3%-ға өскен. Атап айтқанда, жеңіл автомобильдер 18,6%, жүк көліктері 15%, автобустар 23,4%-ға артқан.
«Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес объектілерінде (автокөлік жуу орындары, сауналар, монша кешендері, жөндеу өндірістік кешендері, бетон-араластырғыш тораптар, темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыттар және т.б.) су ресурстарын қайталама пайдалану технологияларын енгізу қажет», - деп толықтырды ведомство басшысы.