Корпорацияның хабарлауынша, VIN-код — көлік құралын тіркеу кезіндегі ең басты элементтердің бірі.
VIN-код (Vehicle Identification Number) — бұл өндіруші зауыт көлік құралына бір рет қана беретін, 17 таңбадан (әріптер мен сандардан) тұратын бірегей сәйкестендіру нөмірі.
Адамның саусақ ізі сияқты, VIN-код та — әрбір көлік құралы үшін бірегей.
VIN-код арқылы мыналарды білуге болады:
- көлік өндірушісі мен құрастырылған елін;
- көліктің шығарылған жылын;
- моделін және негізгі техникалық сипаттамаларын;
- көліктің сериялық нөмірін.
VIN-кодты мына жерлерден табуға болады:
- көлік құралын тіркеу туралы куәліктен (техникалық паспорттан);
- көліктің шанағынан немесе рамасынан;
- жүргізуші есігінің тіреуішінен немесе есік ойығынан (көлік маркасына байланысты).
Көлік құралын қарап-тексеру және VIN-кодты тексеру мынадай жағдайларда жүргізіледі:
- алғашқы мемлекеттік тіркеу кезінде (Қазақстан Республикасында өндірілген немесе ресми дилерлер әкелген жаңа автокөліктерден басқа);
- шанағы, шассиі немесе рамасы ауыстырылған кезде;
- көлік құралы қайта жабдықталған кезде;
- көліктің түсі өзгертілген кезде;
- тіркеу деректеріндегі қателерді немесе сәйкессіздіктерді түзету кезінде.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ең көп сатылған автокөліктер белгілі болғанын жазғанбыз.