Автомобиль екі жасар баланы бірнеше шақырымға сүйреп әкеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Свердлов облысындағы Каменск-Уральский қаласында оқыс оқиға орын алды. Автомобиль өзімен бірге екі жасар баланы бірнеше шақырымға сүйреп кеткен.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, келеңсіз жағдай Механизаторлар көшесіндегі нөмірі 1 үйдің маңында болған. Қыз бала өзінің 8 жастағы ағасымен бірге көшеде ойнап жүрген. Олар өздерінің қасынан тәтелері, аталары мен әжелері мінген «Шевроле-Ниваның» жайлап кетіп бара жатқанын көріп, қуып жетпек болады.

Шамасы, көлік орнынан қозғалған кезде қыз бала оның соңынан ілесе жүгірген. Сондықтан жүргізуші оны көрмеген. Ал бүлдіршіннің күрткесінің капюшоны темір ілгекке ілініп қалған. Оны көліктегілердің ешқайсысы байқамаған. Қала көшелерінің бірінде машина тоқтаған мезетте жолдан өтіп бара жатқандар қыздың күртксінің жағасын фаркоптан шығарып үлгерген.
Зардап шеккен бала шұғыл ауруханаға жеткізілді.