Автономды жылыту жүйесі бар үйлерде өрт қауіпсіздігіндегі кемшіліктер анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жеке тұрғын үй секторында пеш орнату саласындағы білікті мамандардың тапшылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автономды жылыту жүйесі бар 550 мыңнан астам үй (559 622) аралап тексерумен қамтылды, оның 140 мыңнан (140 475) астамында екі жүз мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу жағдайы анықталды», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, әкімдіктер қаражаты мен демеушілік көмек есебінен қауіпті газ концентраты мен жанатын заттарды анықтайтын 12 мыңнан астам датчик орнатылды. Биылдың соңына дейін тағы 11 мыңнан астам датчик орнату жоспарда бар.

«Өрттердің 12 пайыздан астамы пешті пайдалану кезіндегі талаптарды сақтамау салдарынан орын алады. Негізінен олар пеш салынып немесе орнатылып жатқан кезде ескерілмейді. Сонымен қатар тиісті білікті мамандар тапшы. Ал түтін және желдеткіш каналдарын тазалайтын немесе оларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп қызмет көрсететін ұйымдар аккредиттеуге жатпайды. Пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі өрт қаупін азайту үшін әкімдіктер мен ТКШ саласындағы уәкілетті органға мамандарды оқыту ережелерін әзірлеу және қызмет көрсетуші ұйымдарды аккредиттеу мәселесін пысықтау қажет», - деді Ю. Ильин.