Автоөндірушілердің алаңдарында ашық есік күндерін өткіземіз - Өскенбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің машина жасау кәсіпорындарында көшпелі тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарапшылар мен жұртшылықты тарта отырып, автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі отандық зауыттарды оқшаулаудың сақталуы тұрғысынан тексеруді жүргізу» тапсырмасы да бақылауда. Біз Алматы, Қостанай және Оралда 3 зауытты араладық. Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында жұмыс комиссиясын құрдық. Оның құрамына мемлекеттік органдар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат өкілдері, сондай-ақ блогерлер кірді. Көшпелі тексерулерді ақпан айының соңына дейін аяқтайтын боламыз. Автоөндірушілердің алаңдарында ашық есік күндерін өткізуді қосымша жоспарлап отырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның атап өтуінше, отандық кәсіпорындарды жергіліктендіруді ұлғайту мақсатында автокомпоненттерді өндіру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспары әзірленді.

«Сондай-ақ кейіннен бірлескен өндіріс құру және инвестициялар тарту үшін сертификатталған өнім берушілерді тарту мәселесін пысықтаудамыз. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша ақпарат Үкіметке осы жылғы мамыр айына дейін енгізілетін болады», - деді министр.