Автоорындықтарды сатып алушылар қатары күрт көбейген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі жол ережесіндегі жаңа өзгерістерден кейін тұрғындар автоорындық іздеуге кірісті, деп жазады 24.kz.

Жұртқа бағаның қолжетімді болғаны керек. Ал дүкендердің саудасы қызды. Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес, жүргізуші 12 жасқа толмаған баланы арнайы орындықта алып жүруі тиіс.

Бұл заң ертеңнен бастап күшіне енеді. Авторындық сатылатын арнайы дүкенде сауда қызған. Сөредегі тауар қатары да сирепті. «Бос орындарды қоймадағы тауармен толтырып жатырмыз», - дейді сатушы. Тіпті алдынала тапсырыс беріп қойғандар да жоқ емес. Небары 2 күннің ішінде 20-дан астам авторындық сатылып кеткен екен.

Сатушылардың айтуынша, заң күшіне енеді дегеннен бастап тауарға деген сұраныс артқан. Айта кетейік, авторындықтың ең төменгі құны 17 мыңнан басталып 120 мың теңгеге дейін жетеді.