Автосақтандыруда жалған полистердің үлесі қанша

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев онлайн-сақтандыру қандай нәтиже беретінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электронды сақтандыру бойынша жасалған ұсыныстар сақтандыру қызметтерінің тұтынушыларын қорғауы тиіс. Сақтандыру ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, бүгінде нарықта автосақтандырудың жалған полистерінің айналымы 10-нан 20 пайызға дейін жетіп отыр. Атап айтқанда, тұтынушылар өздерінің қолында жалған полис бар екенін білмеуі де мүмкін. Электронды полистер жүйесі арқылы бұндай жалған құжаттар жойылады деген ойдамыз», - деді Ерлан Бурабаев.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті мен «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов аталған заң жобасы аясында Қазақстанда онлайн-сақтандыруды енгізу көзделіп отырғанын мәлім етті.

Оның нәтижесінде тұрғындар сақтандыру шарттарын сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы бекіту мүмкіндігін алады. Яғни адамдар кеңселер мен сақтандыру агенттеріне бармай-ақ осы шараларды жүзеге асырады. Сонымен қатар сақтандыру шарттарына өзгерістер енгізу мен сақтандыру төлемдерін алу үшін онлайн байланыс арқылы атқаруға болады.