«Жобаның басты мақсаты - жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, жақын және алыс шет елдердің жұртшылығын бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының ерлікке толы тарихымен таныстыру», - деді бүгінгі өткізілген баспасөз мәслихаты барысында ұйымдастырушылардың бірі Әлібек Бегалинов.
Бұл жобаны «Almaty Nomad» Саяхатшылар клубы» қоғамдық бірлестігі «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, «Газпром-нефть» ЖШС-ның қолдауымен жүзеге асырмақ ниетте.
«Автошерудің қатысушылары Волгоград, Мәскеу, Курск секілді қаhарман-қалаларда болып, ардагерлік қауымдастықтар мен жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен кездеседі.
ҰОС жылдарында қызыл армия құрамына 1,2 млн қазақстандық азамат шақырылды. Ал 200 мың отандасымыз соғыс басталғанда әскер қатарында болған. Сондықтан, бізді әкелеріміз, аталарымыз барлық шайқасқа қатысқан.
Саяхаттың қорытындысы бойынша деректі фильм түсіріледі. Бізге ҚР Ішкі істер министрлігі және Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы қолдау көрсетіп жатыр», - деді «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы Рүстем Қайдаров.
Автошеру алдағы 16 сәуірде Алматыда басталып, 9 мамырда Берлин қаласында аяқталады. Оның қатысушылары - блогерлер мен операторлар екі машинамен 15 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтеді. Күн сайын әзірленетін фото очеректер мен жазбалар әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Өйткені, ұйымдастырушылардың тағы бір көздеген мақсаты - автокөлік туризмін дәріптеу.
«Бұл жоба, Панфилов дивизиясы ерлігінің 75 жылдығына орайластырылды. Сондықтан, осы игі шараға үлес қосқанымыз біз үшін зор құрмет. Оның үстіне менің атам осы дивизия құрамында соғысқан», - деді «Газпром нефть-Қазақстан» ЖШС-ның бас директоры Марат Малатаев.