Автовокзалға «бомба» қойылғандығын хабарлаған жалған лаңкес бір сағаттың ішінде ұсталды

None
ҚОСТАНАЙ. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Қостанай қаласы ІІД-нің полицейлері жергілікті автовокзалдың ғимаратына бомба қойылды деп ақпарат таратқан күдіктіні бір сағаттың ішінде анықтады.

Қостанай облысы ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланғандай, бомба жайлы жалған ақпарат таратқан Қарабалық ауданындағы Смирнов орта мектебінің 12 жастағы 6 сынып оқушысы болып шықты.

Жасөспірім досының телефонынан 112 нөміріне қоңырау шалып, автовокзал ғимаратының ішінде бомба қойылғанын хабарлаған. Кезекші осыған орай жедел әрекет етті.

Оқиға орнына арнайы қызметтер шықты. Автовокзалда болған 60 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Аталған жерді қызметтік иттің көмегімен тексеру кезінде жарылғыш зат табылған жоқ.