«АвтоЖол+» бағдарламасы іске қосылғаны рас па — министрлік түсініктеме берді

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі интернет кеңістігінде тарап жатқан «АвтоЖол+» жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді.

— Министрлік бұл хабарламада көрсетілген шарттар бойынша (автокөлік құнының 10%-дан 50%-ға дейінгі бөлігі субсидияланады, несиенің жылдық мөлшерлемесі 2%-дан басталады, бастапқы жарна талап етілмейді және т. б.) ешқандай ресми бастама немесе бағдарлама жариялаған жоқ. Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды және оның алаяқтық мақсатта жасалған болуы мүмкін екендігін ескертеміз, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Министрлік азаматтарды мұқият болуға шақырады:

  • Күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер;

  • Жеке деректеріңізді тексерілмеген, бейресми сайттарға енгізбеңіздер;

  • Ақпаратты тек министрліктің ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан алыңыздар.

Бұдан бұрын WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген жалған ақпарат тарағанын жазғанбыз.