Көлік министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес жаңа талаптар бойынша мамандар кемінде үш жылда бір рет ұзақтығы 40 академиялық сағаттан кем емес курстардан өтуі тиіс.
— Ал жол ұйымдарының басшылары қызметке тағайындалғаннан кейін алты ай ішінде оқытудан өтеді. Бағдарламалар тәжірибеге негізделіп, дәрістерді, семинарларды, тренингтерді және тағылымдамаларды қамтиды. Оқытуға отандық және шетелдік сарапшылар тартылады, — делінген министрлік хабарламасында.
Курсты аяқтағандар қорытынды бағалаудан өтіп, үш жылға жарамды сертификат алады. Бұл — мамандардың кәсібилігін арттыруға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Бұдан бұрын 15 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда төлем ережелері өзгергенін жаздық.