Автожолдардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарау қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Қиыршық тастар мен топырақ төселген жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға жатқызбау керек. Бұл туралы Мәжілістегі елдң көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов айтты.

Фото: ҚазАвтоЖол

- Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жай-күйіне байланысты азаматтарымыздың айтқан сыны орынды. Көлік министрлігінің деректері бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдар 87 пайызды құрайды. Алайда, жергілікті жолдардың тек 31 мың шақырымында немесе 44 пайызында асфальт-бетон жабыны төселген. Ал қалған 39 мың шақырымында немесе 56 пайызында қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселіп жатыр. Осыған байланысты қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға жатқызбау керек. Автожолдардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарау қажет деп есептейміз, - деді Мәжіліс депутаты. 

Сондай-ақ, ол мемлекет 100 пайыз қатысатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» автомобиль жолдарының Ұлттық операторы саналатындығын атап өтті.

- Бірақ ол бір уақытта 2 функция атқарады. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу және оларды реконструкциялау, жөндеу мен күтіп-ұстау мен сапасын бақылау. Яғни, ол жолды өзі салып, өзін-өзі бақылайды. Осындай жағдай Жол активтері сапасының ұлттық орталығында да орын алуда. Ол жобаларға ведомстволық сараптаманы өзі жүргізеді, таңдау түріндегі құрылысқа ұсыныстарды өзі береді және мердігер ұйымдардың жұмысынан кемшіліктерді өзі табады. Сөйтіп, мүдделер қақтығысы туындайды. Ал мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыру кезінде бұған жол берілмеуі тиіс. Бұдан басқа, жергілікті техникалық қадағалау қызметтері жұмысының әлсіздігі байқалуда, - деді. Нұртай Сабильянов.