Аяғы аттракционға қысылып қалған: Қызылордада саябақтағы оқиғаға қатысты іс тергеліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы саябақтардың бірінде жасөспірімнің аяғы аттракционға қысылып қалғаны бейнеленген видео тарады.

Фото: Алматы Полиция департаменті

Әлеуметтік желі қолданушысы аттракционда оның аяғына қатты зақым келгенін, шұғыл түрде қан қажет екенін жазған. Облыстық полиция департаменті аталған мәселеге байланысты түсінік берді.

- Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта аталған іс аясында оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері басталды. Қылмыстық іс бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, - делінген хабарламада.

Істің тергелуі департамент басшылығының бақылауында.

Бұған дейін Қызылорда қаласының тұрғыны аутизм диагнозы қойылған қызын қаладағы дамыту орталығының қызметкері ұрғанын айтып, дабыл қақты.