Аягөзде әлеуметтік үйлерді жекешелендіру мәселесін шешу үшін жұмыс тобы құрылды

АЯГӨЗ. KAZINFORM - Аягөздегі 267 тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы, толық емес отбасыларға берілген. Дегенмен биыл аталған үйлерді жекешелендіруге байланысты қиындықтар туындаған.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Аталған мәселе бойынша облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен облыстық жұмыс тобы құрылды. Бүгін жұмыс тобының мүшелері аудан тұрғындарымен кездесіп, заң аясында атқарылатын шараларды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Мейіржан Қалиасқаровтың айтуынша, мәселе жер учаскелерінің құқықтық рәсімделмеуінен туындаған.

– Ең бірінші Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жерге деген меншік құқығы және үйге деген меншік құқығы бір-бірінен ажыратылмайды. Ал берілген үйлердің жеріне қатысты кадастрлық төлемдер мемлекетке төленбеген. Бұл тұрғындардың емес, үйлерді салған және сатқан кәсіпкерлердің тарапынан кеткен заң бұзушылықтар, - деді Мейіржан Қалиасқаров.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Оның айтуынша, ендігі кезекте кәсіпкерлер мен аудандық әкімдік бірлесе отырып, ортақ шешім қабылдауы тиіс. Әрбір жер учаскесі бойынша кадастрлық төлем көлемі 300 мыңнан 700 мың теңгеге дейін.

– Егер кәсіпкерлер өз еріктерімен төлем жасамаса, уәкілетті органдар сотқа жүгініп, төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады. Бірақ тұрғындар алаңдамасын – ешкімді үйінен қуып шығармайды. Тек жекешелендіру рәсімі 1-2 айдың ішінде шешімін табады, - деп нақтылады Мейіржан Қалиасқаров.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Аягөз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Күмісхан Қыдырмолдина билік өкілдерінен бұл мәселенің тезірек шешілуін сұрады.

– Мен жаңа жиналысқа қатыстым. Прокуратура, аудан әкімдігі, облыс әкімінің орынбасары болды. Біздің аналардың бар тілегі – үйлерді жекешелендіріп, жер мәселесін заңды түрде шешіп беру. Қараша айына дейін шешіледі деді, соны күтеміз, - деді ол.

Фото: Абай облысының әкімдігі

Облыс әкімі Берік Уәли бұл мәселені қараша айының соңына дейін толық шешуді тапсырды.

Жұмыс тобы осы уақыт ішінде тұрғындардың өтініштері мен құжаттық рәсімдерін заң шеңберінде реттейтін болады.