Аягөзде полицияға пара бермек болған тұрғынның үстінен іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Аяөгөз ауданында полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Аягөз ауданының Ішкі істер бөлімінің миграция қызметкерлері аудан ауылдарының 45 жастағы тұрғындарының бірінен өтінім қабылдаған. Мемлекеттік қызметті көрсету барысында полиция капитаны әлгі азаматтың жеке куәлігін ауыстыру уақыты өтіп кеткенін анықтаған.

«Өз кезегінде қызмет алушы әкімшілік жауапкершіліктен жалтарып кетуді ойлап, полиция қызметкеріне 10 мың теңге ұстатпақ болған. Полиция офицері заңнама талаптарына сай әлгі азаматтың пара бермек болғаны туралы баянат жазды», - делінген хабарламада.

Енді қызмет алушы бір емес, екіжазаға тартылмақ. Біріншіден, ол тәртіп сақшысына пара бермек болғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылса, екіншіден уақыты өтіп кеткен құжат үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.