Аягөз өңірінің мақтанышы, «Қазақстан барысы» атанған жас балуан Дәурен Нұралиновты халық орталық алаңда күтіп алды.
Ақындар арнау айтып, аудан басшысы Сейілбек Ысқақов балуанның иығына шапан жауып, ат мінгізді.
«Аягөз - ежелден батырлар елі. Бабалардың батылдық пен қайсарлық рухын жалғаған Дәурен Нұралинов тек осы ел мен жердің ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышы», - деп атап өткен әкім спортшыға ақ батасын беріп, қошемет көрсетті.
«Аягөз деген - алтын бесігім, туған жерім. Аталарымыздың аруақтарына құран бағыштап, сіздердің баталарыңызды алайын деп арнайы келдім. Пейілдеріңізге көп рахмет!. Аягөзіміз әрқашан жайнай берсін, батырлар шыға берсін», - деп ризашылығын білдірді Дәурен Нұралинов.
Еске сала кетейік, Дәурен Нұралинов 4 шілде күні астанада өткен «Қазақстан барысы» турнирінде бас жүлдені жеңіп алған болатын.