Аяқ киім импорттаушылар салықтан жалтару үшін өнімді бөлшектеп кіргізуі мүмкін - ЖАП
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата мамандары елде аяқ киім импортының салықтан жалтару қаупі өскенін мәлім етті.
Аудиторлардың сөзінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында таңбаланатын тауарлардың саны жағынан артта қалып отыр. Бұл елге одақтас мемлекеттердің шекарасы арқылы кіретін контрабандалық тауардың көлемі көп деген сөз.
- Республикада әлі күнге дейін қандай тауарларды бірінші кезекте таңбалау қажет екенін көрсететін бекітілген әдістеме жоқ. Мысалы, 5 жыл бұрын темекі өнімдерін таңбалау енгізілді, алайда 2024 жылы контрабандалық темекі өнімдерінің 16 млн астам қаптамасы тәркіленген. Бұл 3 жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,5 есе көп, - деп жазылған палатаның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Елге сырттан кіретін аяқ киім импорты 4 жыл ішінде төмендегенімен оны жасауға арналған дайындамалар импорты 13 есе өскен. Басқаша айтсақ, салықтан жалтару үшін аяқ киімді сырттан ел аумағына дайындамалар күйінде кіргізіп, ел аумағында дайын өнім ретінде сату белең алды деген күмән бар.
- Өндіріс көлемі аз бола тұра аяқ киімге арналған дайындамалар импортының жыл сайын артуы кедендік баждарды төлеуден жалтару үшін дайын аяқ киімді дайындамалар ретінде әкелу фактілерінің болуы мүмкін екенін көрсетеді, - делінген ЖАП мәліметінде.
Бұған дейін мәжіліс төрінде кеден қызметінің қадағалау функциясын кеңейтуге Бас прокуратура қарсы болып отырғаны айтылған еді.