Аяқ киімінің ұлтарағына 182 млн теңгенің алтынын жасырған адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша сот жалпы салмағы 2,8 кг, алтын құрамы 99%-дан асатын және құны 182,3 млн теңге тұратын 6 алтын құйманы сотқа дейін тәркіледі.

Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Бас көлік прокуратурасы мәліметінше, алтын мемлекет кірісіне айналдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.

Қырғызстан азаматшасы құймаларды өз елінде сатып алып, оларды Қытайға ары қарай заңсыз өткізу үшін «Қордай Авто» өткізу пункті арқылы Қазақстанға кіргізген.

Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру мақсатында ол аяқ киімінің ұлтарағының астына үш алтын құймадан жасырып қойған. «Қорғас» ХШЫО аумағында бақылаудан өту кезінде алтын табылып, тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Астанаға 3 келі мефедрон жеткізбек болған екі адам ұсталғанын жазған едік.