Аяққамыр күмбезі

Аяққамыр күмбезі - ХІІ ғасырдың аяғындағы қыпшақ заманынан келе жатқан көне сәулет өнері ескерткіші. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Жезді кентінен солтүстік-батысқа қарай тоғыз шақырым жерде Жезді өзенінің оң жағалауындағы ойпатта орналасқан.

Аяққамыр күмбезі Ұлытау төңірегіндегі күмбездердің ең сәулетті көне өнер ескерткіштерінің бірі. Бұл ? күмбездің әбден тозып, қирап бітуге айналған кейпінен де аңғарылады. Күмбез оғыз-қыпшақ заманында қалыптасқан тарихи дәстүр үлгісінде жасалған. Іргетасы жалпақ тастардан бір метр биіктікке дейін қаланған. Оның үстіне 8,10 х 9,84 метр көлемде тік бұрышты сапалы қызыл кірпіштен қабырғалары өріліп шығарылып, жобамен порталды-күмбезді пішінде салынған. Алдыңғы беті П әрпі сияқты жиектеліп, монумент түрінде әшекейленген. Кіретін қуыс түзу аркамен жабылған. Күмбезі күйдірілген кірпіштен қаланып, жарты оюлармен әшекейленген тақталармен қапталған. Шаршы негізден бұрыштарын кеміте қалау арқылы күмбез шығарылған. Қақпа маңдайшасының биік, күмбездерінің әсем болғандығы байқалады. Күмбездің қирауына байланысты оның сілемін тек қабырғаның үстіндегі жиектерінде сақталған сынықтардан көруге болады. Бір кездегі сәулетті құрылыстан біздің заманымызға жеткені ? берік жасалған төрт қабырғасы мен алдыңғы кіреберіс қақпасы. Бұлардың өзі де мүжіліп тоза бастаған. Қақпаның қос босағасы сол кездегі сәулет өнерінің дәстүрі бойынша айшықты оюлармен безендірілген. Бұл өрнек толығымен сақталмай, белгілері мен кейбір сынықтары қалған. Қақпаның екі жақ маңдайшасында дөңгелек кірпіштер мен маржандай тізіліп қаланған жұмыр бағанның жарты бүйірі көрінеді. Аяққамыр күмбезінің архитекторлық құрылымы мен безендірілуі ІХ-ХІ ғасырлардағы осындай құрылыстарға тән. ХІХ ғасырдың орта кезінде оны қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов пен орыс академигі А.Шренк әдейі іздеп барып, алғаш суреттеп жазған. А.Шренк пен Ш.Уәлихановтардың жазбаларында бұл ескерткішті бұрын ел Қамыр ханның күмбезі деп атаған деп жазады. Алайда ондай кісінің аты әзірге тарихтан кездескен жоқ. Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том Қ.Ахметов «Ұлытау», «Менің Отаным ? Қазақстан» сериясы