Аяқталмаған істер бойынша судьяның сұхбат беруі сот этикасына жат қылық - Е.Қасымбеков

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Соттың шешімі - заңдық қана емес, ғылыми негізді әрі ашық болғанда ғана халық тарапынан «сотқа» деген сенім туады. Алматы қалалық сотының судьясы Ернар Қасымбеков осындай пікір білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, сот шығарған үкімдер, заңды күшіне енген шешімдерді бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялаған жөн. «Істер ашық сот мәжілісінде қаралған кезде тараптар аудиожазба қолдануға құқылы. Сондай-ақ тараптар қарсы болмаса, бейнежазу құралдарын қолдана алады. Бірқатар істер бойынша ашықтық қағидасын шектеу заңмен көрсетілген. Мәселен, бала асырап алу істері бойынша бала асырап алу құпиясы сақталуы үшін осындай істер жабық сот мәжілісінде қаралады», дейді судья.

Сонымен қатар ол әр судьяның өзі қараған ісі бойынша кез келген журналиске сұхбат беруі керектігін жеткізді. «Судьяның айтқаны заңның жаңғырғанымен пара-пар. Ал берілген сұхбат қоғамға тек игі жағынан ғана жеткізілуі үшін біз тілшілермен үнемі ынтымақтасып жұмыс жасауымыз қажет», дейді Е. Қасымбеков. Алайда судья тілшінің кәсіби этикасына және заңнама талабына сәйкес қаралып, шешімін таппаған істер бойынша қандай да болсын пікір білдіруіне болмайтындығын айтады. «Аяқталмаған істер бойынша судьяның сұхбат беруі сот этикасына жат қылық. Осы жағын тілшілер ескерер болса, тиісті істі қарап отырған судьяға да ешқандай ықпал болмайды. Бұл бағытта қоғамда теріс пікір қалыптастыратын себептер туғызылмауы керек», дейді ол.