АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық таеквондошы Аян Әбдіреш Түркияда өтіп жатқан Сурдлимпиядалық ойындарда алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Қазақпарат Комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
58 кг дейінгі салмақта сынға түскен Аян Әбдіреш бірінші айналымда Ресейден келген спортшыны, екінші кезеңде ирандық спортшыны басымдылықпен жеңді. Үшінші рет қытайлық таеквондошыдан да басым түсті. Ал жарыс финалында украиндықтан айласын асырып, алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ дәл осы спорт түрінен Валентина Антоненко Сурдлимпиядалық ойындарының «қола» жүлдесіне ие болды.
Айта кетейік, 18-шілдеде Түркияның Самсун қаласында XXIII Сурдлимпиядалық ойындары басталған болатын. Төртжылдықтың басты жарысына əлемнің 100 мемлекетінен келген, есту қабілеті төмен 3 мыңнан астам спортшы қатысуда. Спорттық жарыс 30 шілдеде аяқталады.