«Елбасы өз Жолдауында: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын. Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл - Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек», - деді.
«Міне, Елбасы алға қойып отырған осы міндеттерді іске асыруда, біз - жастар бұл шаралардың бел ортасында жүретін боламыз. Өйткені, отансүйгіштік тәрбиенің қазіргі кезде маңыздылығы бәрінен де жоғары болып тұр. Өз Отанын сүйген жастар ғана өз елін көркейте алады», дейді Аян Хафиз.
Қазіргі кезде Ақмола облысында тұратын жастар саны 148 996, бұл облыстағы жалпы халық санының 20,2 пайызын құрайды. Экономикалық белсенді жастар 86 мыңнан астам. Ауылдық жерлердегі жастар үлесі жалпы жастар санының 55 пайызына тең.
«Бүгінгі таңда жастар үшін өзекті мәселелер - білім алу, жұмысқа орналасу, тұрғын үй және бос уақытты тиімді пайдалану болып табылады. Біздің, жастардың жан-жақты дамуы үшін елімізде біраз қажетті жағдайлар жасалған. Мысалы, тек Көкшетау қаласында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының арқасында 300-ден астам жас отбасы баспаналы болуға мүмкіндік алды. «Жастар жылында» Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында жалпыға арналған «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, облысымыздың жас азаматтары үшін жаңа «Тұрғын үй» жобасының қабылданғанын қалар едік. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасудың тиімді жүйесін құру болашақ жас мамандарға өзіміздің әлеуетімізді кеңірек іске асыруға мүмкіндік берер еді. «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы біздің аймағымызда ойдағыдай іске асырылуда. Ағымдағы жылдың басынан бері 3 872 жас осы бағдарламаның қатысушысы болды, оның 1 842-і - ауыл жастары. Сондай-ақ, жастар іс-тәжірибесі тұрақты жұмыс орнына орналастыруға мүмкіндік берді», - деп толықтырды Аян Хафиз.
Сонымен қатар, оның айтуынша, өңірде жыл сайын жастарды қолдау және кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жас азаматтарға облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы тағайындалады. Қазіргі уақытта еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында 276 ақмолалық жас облыс әкімінің атаулы шәкіртақысының иегері ретінде білім алуда. Мемлекет басшысы да талай рет өз сөзінде жаңа типті жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше назар аударып, бәсекеге қабілетті, әділ, өз ісіне адал кәсіпқой, мәселелерді шешуде жаңа тәсілдер қолданатын жастарды қолдау туралы атап өткен болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда кең қолдау алып, жаңғыру процестеріне зор талпыныс берді. Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған «Ауыл - Ел бесігі» жобасы ауылдық жастарға өзін-өзі дамытуда үлкен мүмкіндік туғызады. Жастар сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан», «Латын әліпбиіне көшу», «Үш тұғырлы тіл» және тағы басқа бағыттарға белсене атсалысуда. Бұл тұрғыда, облыс жастары еріктілер қозғалысын қарқынды дамытуда.
Әр уақыттың өз талаптары бар, кейде аға ұрпақ өкілдері жастарды еңбекке жоқ, еріншек деп сынайды. Бірақ, жастар әр салада биік белестерді бағындырып, өз мақсаттарына жетуде. Бүгінгі ұрпақ ынталы, дарынды, талантты және жаңа ойлары бар азаматтар. Дәл осындай жастардың күш біріктіруінің арқасында жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Президентіміздің жүктеген мақсат-мүдделерін жүзеге асыруда жас ұрпақ туған жеріне, туған еліне ерең еңбек етеріне күмәнім жоқ», -деп сөзін түйіндеді Аян Хафиз.