Аяужан Ашимова: Ауыл жұртшылығы сайлауға зор қызығушылық білдіріп отыр
«Өңір бойынша 300-ден астам адамды байқаушы ретінде даярлап, арнайы оқытудан өткіздік. Ертеңгі сайлауда облыстағы барлық учаскелерде біздің байқаушыларымыз жұмыс істейді. Сайлау ауылды жерлерде өтетіндіктен олар елді мекен тұрғындарының арасынан іріктелді. Қойылған басты талаптар – азаматтардың ниеті мен белсенділігінің болуы», - деді Аяужан Ашимова.
Оның айтуынша, байқаушылар ауыл халқынан таңдалып алғандықтан алдағы уақытта жаңа сайланған әкімнің жұмысына тікелей куә болып, өз бағаларын бере алады.
«Облыстағы ауыл жұртшылығы сайлауға зор қызығушылық білдіріп отыр. Бұл сайлау дер кезінде өткізіліп жатыр деп ойлаймын. Себебі қазір бұқара халық осындай процедураларға дайын. Көпшіліктің құқықтық сауаттылығы жоғары. Біз өзіміздің байқаушыларды оқытқан кезде тек заң нормаларын түсіндіріп қана қоймай, күтпеген жағдайлар болып қалғанда қалай әрекет ету керектігін пысықтадық», - деді «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.
Байқаушыларды даярлауға осы салада 15 жылдан артық тер төгіп келе жатқан кәсіби мамандар тартылған.