Аяз алдында әбігер: Қарағандыда жылу мәселесі әлі шешілмей тұр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда жылыту маусымы ресми түрде 25 қыркүйекте басталғанымен, көптеген тұрғын әлі күнге дейін электр жылытқыштарды қолдануға мәжбүр.
Әлеуметтік желілерде наразылық көбейіп барады. «Жылу берілді» деген коммуналдық қызметтердің мәлімдемесіне қарамастан, батареялар суық күйінде қалып отыр.
Жылыту маусымы басталғалы бір аптадан астам уақыт өтсе де, қаладағы барлық көпқабатты үйге жылу толық жеткен жоқ. Кейбір тұрғын үйлерде батареялар сәл ғана жылыса, енді бірінде мүлде мұздай екенін айтып жатыр. Себептері де әртүрлі: бір жерде — жылу магистральдеріндегі апат, екінші жерде — коммуналшылардың салғырттығы, ал кейде тұрғын үй иелері кооперативтерінің жауапсыздығы себеп болып отыр.
Әлиханов көшесінде ауқымды апат болды. Диаметрі 426 миллиметрлік құбыр жарылып, көпқабатты он үй жылусыз қалды. Бұл үйлерге жылу уақытша төмендетілген режимде берілді. Апаттық бригадалар ақауды кешкісін жойғанымен, сол түні ауа температурасы минус жеті градусқа дейін төмендеп, тұрғындар шағымдарын қайтадан жаудырды.
Осындай жағдайлар қаланың өзге аудандарында да байқалады. Әлеуметтік желі қолданушылары Бұқар жырау даңғылы мен Гоголь, Ермеков, Әбдіров, Пичугин, Ерубаев, Әлиханов көшелеріндегі үйлерде, сондай-ақ «Гүлдер-1», «Көгілдір тоғандар», «Восток-1» және № 13–17 шағынаудандарында батареялардың суық екенін жазып жатыр.
Ең күрделі ахуал Ермеков көшесі, 21/1 мекенжайындағы аулаларда тіркелді. Мұнда коммуналшылар жылуды уақытша беру үшін құбырды балалар алаңының үстімен ашық тартуға мәжбүр болған. Бірақ бірнеше күннен кейін жұмыс тоқтап, 8 қазанда тұрғындар бірде-бір слесарьді көрмеген.
Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Даулет Маханов мұны уақытша шара екенін айтты.
— Жылуды кешіктірмеу үшін үйлер уақытша сызба бойынша қосылды. Көктемде бұл учаске толық ауыстырылып, балалар алаңы инженерлік желілер өтпейтін жерге көшіріледі, — деді ол.
Ал «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС өкілдері қаладағы барлық тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға жылу жеткізілгенін мәлімдеді.
— Компания жылуды үйлердің сыртқы қабырғасына дейін жеткізеді. Ал ішкі жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне басқарушы компаниялар мен тұрғындардың өздері жауапты, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
«Қарағанды Энергоцентр» дерегінше, қазіргі уақытта ЖЭО-3-те бес қазан мен алты турбина жұмыс істеп тұр, тағы екі қондырғы резервте, ал біреуі күрделі жөндеуден кейін сынақтан өткізіліп жатыр. Беріліп жатқан температура – 75 °C. ЖЭО-1-де үш бу қазандығы мен үш турбина іске қосылған, мұнда температура шамамен 65 °C деңгейінде.
Энергетиктердің айтуынша, көмір қоры жеткілікті: ЖЭО-3 қоймаларында 500 мың тоннадан астам, ЖЭО-1-де 90 мың тоннадан аса көмір қоры бар. Бұл көлем бірнеше апта бойы тұрақты жұмыс істеуге жеткілікті.
Ауа райы мүмкіндік беріп тұрған шақта коммуналдық қызметтерге барлық ақауларды жоюды кейінге қалдырмауға кеңес беріледі. Өйткені дәл осы кезеңде әрбір үйге жылуды жеткізуге үлгеруге болады, ал аяз түскен кезде әлеуметтік желілер тұрғындардың шағымына толып кетпеуі керек
Тұрғындарға да ескерту жасалды: егер үйлерінде жылу болмаса, тек ПИК немесе МИБ қызметкерлеріне ғана емес, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының әкімдіктеріне, сондай-ақ қалалық әкімдікке тікелей хабарласу қажет.
Еске салсақ, 25 қыркүйекте Қарағанды облысында жылыту маусымының басталу кестесі белгілі болған еді.