Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауы және мерекелік костюмдерді жалға алу қанша тұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа жыл мерекесіне санаулы күндер қалды. Бұл мейрамды оның басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарсыз және ерекше дизайндағы костюмдерсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі Астана мен Алматы қалаларында мерекелік образдар және үйге келіп, құттықтауын жолдайтын Аяз ата мен Ақшақардың қызмет құны қанша тұратынын анықтап көрді.

Жаңа жыл қарсаңында елордада мереке ұйымдастыру орталықтарының жарнамалары жиі жарияланып жатыр. Бүгінде бұл қызмет астаналықтардың арасында үлкен сұранысқа ие. Тіпті аталған шараларды ұйымдастыратын агенттіктер арнайы сайттар ашуда. Онда қызмет түрі мен оның бағаларына қатысты мәліметтер көрсетілген.

Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырамын десеңіз...

Астанадағы ивент-агенттіктің өкілі Жанерке Ғабитова бүлдіршіндерді құттықтау үшін Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақыру әзірге 15-30 мың теңге екенін айтты. Алайда, мереке неғұрлым жақындаған сайын, баға да соғұрлым қымбаттай береді.

«Егер сіз Аяз Ата мен Ақшақарды корпоратив кешіне шақырсаңыз, бағдарлама жарты сағатқа созылады. Оның ішінде қонақтармен билеу, түрлі интерактивтер және конкурстар болады. Мұның құны 31 желтоқсанға дейін 30-55 мың теңге. Осындай корпоративтер үшін түнгі сағат 00:00*ге дейін Аяз Ата мен Ақшақардың қызметтері 50 мың, ал түнгі 00:00-ден кейін 85-100 мың теңгеге дейін көтеріледі. Егер балабақшалар мен жекеменшік мектептер туралы айтатын болсақ, Аяз Ата мен Ақшақардың жұмыс тәжірибесіне байланысты 30-40 мың теңге шегінде болады», - деді Жанерке Ғабитова.

Бас шаһардағы танымал интернет-сервистердің ақпаратына қарағанда, үйге келіп, бүлдіршіндерге мерекелік қойылымын ұсынатын Аяз Ата мен Ақшақар қызметі 7-50 мың теңге аралығында. Көптеген ұйымдастыру орталықтары бұл бағаның әлі нақты емес екенін көрсеткен. Сондықтан алдын ала тапсырыс берсеңіз, біршама жеңілдік алуға мүмкіндік бар. Мәселен, Жаңа жылдың басты кейіпкерлерін бір тұрғын үй кешенінде орналасқан екі пәтерге шақырсаңыз - 5%, үш пәтер үшін - 10% және одан көп болса 20%-ға дейін жеңілдік жасалады.

Егер сіз Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақырып, кештің көркін келтіруді жоспарласаңыз, онда баға күн мен қойылымның ұзақтығына байланысты екенін ескеруіңіз керек. Сағат 15:00-ге дейінгі 15 минуттық бағдарлама 20 мың, ал 30 минуттық бағдарлама 28 мың теңге тұрады. Сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін баға көтеріледі. Атап айтқанда, 15 минуттық мерекелік бағдарлама үшін 24 мың, 30 минутқа 33 мың теңге болады. Кешкі сағат 18:00-ден түнгі 03:00-ге дейін 15 минуттық бағдарлама - 30, ал 30 минуттық қойылым 45 мың теңгеге дейін барады. Ал нақты қымбаттайтын сәт түнгі 23:00-01:00 аралығы. Ол кезде бұл қызметке қойылатын құн кемінде 50 мыңнан басталып, 70 мыңға дейін жетіп жатады. Ал бұл аралықтан кейін баға түсе бастайды.

Ивент-агенттіктер ұсынатын бағдарламалар бір-біріне ұқсас. Олар - балалармен ойын ойнау, би билеу, өз өнерін көрсету, ән айту, мультфильм кейіпкерлерінің көрсетілімі, шоу элементтер мен құттықтау және сыйлықтар табыстау.

Алматыда да жаңа жылдық кешке Аяз ата мен Ақшақарды шақырып, мерекенің көркін қыздыруға асығатындар аз емес. Сұранысқа сай, баға да қымбаттай береді. Жалпы, бұл шаһарда мейрамның басты кейіпкерлерін үйге шақыру үшін кемінде 25 мың теңге төлеуіңіз қажет. Нақтылай кетейік, бұл баға әзірге қала бойынша ең арзаны. Орташа құн – 32 мың теңге. Ивент-агенттіктердің дерегінше, 25-30 желтоқсан аралығында осы баға сақталады. Ал 31 желтоқсанда жаңа жылдық кештердің кез келген түрі бойынша ешқандай жеңілдік жасалмайды. Бұл кезде баға 60-100 мыңды шамалайды. Ескеретіні - Аяз ата мен Ақшақар көбіне Алматы қаласының шет аудандарына бармайды. Ал алыс аймақтағы бүлдіршіндерді құттықтауға баратын Жаңа жыл кейіпкерлері 5-8 мың аралығында қосымша ақша сұрайды.

«Егер қаланың шетінде болса, біз ала бермейміз. Жалпы қаланың ішінде болғаны жақсы. Бізге ыңғайлы. Кептеліс кесірінен келесі тапсырысқа жете алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан бағаны көтереді ғой. Негізі жолға да шығын аз кетпейді. Сіз мысалы қаланың мына шетінен келесі шетіне барасыз. Ал адамдар ақшасын төлегесін уақытында күтіп отырады емес пе?! Негізгі бағдарламаның үстіне 5 мыңнан жоғары ақша қосса, шығындарды өтеуге де көмек», - дейді мерекелік кеш ұйымдастырумен айналысатын орталықтың өкілі.

Мәселен, аталған мегополисте үйіңізге келіп, бүлдіршіндерді құттықтайтын Аяз ата мен Ақшақардың 30 минуттық қойылымы қазір 30-37 мың теңге аралығында. Олардың бағдарламасына жоғарыда аталған шаралар кіреді.

«Біздің агенттік тұрғын үйлердің ауласында да мерекелік шаралар ұйымдастырады. Онда мультфильм кейіпкерлері болады. Жалпы 4-8 балаға дейін қамтимыз. Ұзақтығы – 30-40 минут. Енді қазіргі күн райына, сонымен қатар сұранысқа байланысты оның бағасы 70 мың теңге болады. Дегенмен 30 желтоқсанға дейін 35-40 мың теңгеден көтермейміз. Нақты мереке күні 70 мыңнан да жоғары болады. Өйткені, тапсырыс көбейеді. Біз уақытты алдын ала жоспарлауымыз керек», - деп түсіндірді Алматыдағы ивент-агенттіктердің бірінен.

Аяз ата мен Ақшақардың корпоративтік кештердегі қойылымы қанша тұрады?

Жаңа жыл мерекесін әріптестермен өткізетіндер үшін де Аяз ата мен Ақшақарды шақыруға болады. Корпоративтік кешке келетін мейрамның басты кейіпкерлері түрлі бағдарламалар ұсынады. Яғни, қонақтармен ойын ойнау, топ болып шыршаны айнала билеу, Аяз ата мен Ақшақардың құттықауы және фотосессия. Бұған шоу элеметтері қосылады. Мұндай шараның құны елордада 35 мыңнан басталып 70 мың теңгеге дейін жетеді.

Кейбір ұйымдастыру орталықтары бағаның корпоративке жиналатын адамдардың саны мен бағдарламаға байланысты екенін түсіндірді. Мысалы мұндай 8 сағаттық қойылым Астана аумағында шамамен 180 мың теңге тұрады. Жалпы қызмет құны 28 мың теңгеден басталады.

Ал Алматыда жұмыс орындары мен мейрамханаларда болатын корпоративтерге келіп, өздерінің бағдарламасын ұсынатын Аяз ата мен Ақшақардың қызметі 100-120 мың теңге аралығында. Қойылымның ұзақтығы - 60 минут, аудиторияға шектеу жоқ. Бұдан өзге, мерекелік кешке келе жатқан жылдың басты символы – қоян образындағы аниматорларды шақыру үшін 10-15 мың теңге шамасында қосымша ақы төлеуіңіз керек. Бұл орайда, агенттіктер тапсырыс берген сәтте қызметтің 10-15, тіпті 50 пайыз көлеміндегі құнын алдын ала төлеуді талап етеді.

Жаңа жылдық костюмдерді жалға алу бағасы қандай?

Жаңа жылдық түрлі образ бен дизайндағы киімдерді жалға алуға келетін болсақ, Астанада ересектерге арналған костюмдер 8000 теңгеден жоғары тұрады. Балалардың костюмдері 4 мың теңгеден басталады. Дегенмен мерекелік киімдерді ұсынатын дүкендерді нақтылап іздесеңіз, 2000-3000 мың теңгеге табуға болады. Орталықтардың сайтындағы мәліметке сәйкес, балалар арасындағы костюмдер үнемі сұранысқа ие.

Ал Алматыда3-7 жас аралығындағы балалар үшін Аяз ата мен Ақшақардың образындағы мерекелік костюмдерді жалға алу құны 4 мыңнан басталады. Дизайны мен әрлеу ерекшеліктеріне қарай бұл баға 18 мың теңгеге дейін жетеді. Ал 8 жастан 13 жасқа дейінгі балалар үшін жаңа жылдың басты кейіпкерлерінің образы тәулігіне - 5, қымбаты 32 мың теңгені шамалап қалады. Бұл ретте ересектерге жалға берілетін киімдер біршама арзан. Атап айтқанда, Алматыда үлкендерге арналған Аяз ата мен Ақшақардың киімін 3-10 мың теңге аралығында табуға болады.

«Жыл сайын көбіне кішкентай балалардың киімі сұраныста болады. Мына мультфильм персонаждарының образдарын көпшілік жиі алып жатады. Мәселен, «Hulk», «Өрмекші адам», «ТОР» сияқты комикс пен мультфильм кейіпкерлерінің киімін 7 жастан асқандар алып жатады. Ал жыл символы болатын жануарларды көбіне балабақшаға баратындар алады. Кішкентай балалардың киімдерін жалға беру 4-5 мыңнан басталады. Ал үлкенірек балалардың образдары 7 мың теңгеден жоғары тұрады», - деді мерекелік костюмдарды жалға беретін алматылық жеке кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, биыл әсіресе ұлттық нақыштағы киімдер сұраныста. Келесі кезекте қоян образындағы балалар костюмі. Оларды жалға алудың бастапқы құны - 6 600 теңге. Бұл сома жоғарылап, тіпті 45 мыңнан асып түседі. Ал 7-8 жастан жоғары бүлдіршіндерге фильмдер мен мултьхикая кейіпкерлері сияқты киіну үшін костюмдерді 12 мыңнан 71 мың теңге аралығында жалға алуға болады. Сондай-ақ, мұны кәсіп еткендер қосымша ақы төлесеңіз, пәтерге дейін жеткізіп те береді.