Аяз, көктайғақ: СҚО-да жыл басталғалы 2,5 мыңға жуық адам жарақат пунктіне жүгінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 2,5 мыңға жуық адам жарақат пунктіне қаралды. Олардың басым бөлігі көктайғақтан зардап шеккендер және үсік алғандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының жарақат пунктіне тәулігіне орта есеппен 50 шақты адам қаралады. Емдеу мекемесі қала тұрғындарын ғана емес, ауылдықтарды да қабылдайды. Дәрігерлерден көмек сұрап келетіндердің басым бөлігі көшеде келе жатып құлап қол-аяғын сындырғандар. Жарақаты жеңіл болса, мамандар гипс салып, емделуге үйлеріне жібереді.

«Жарақатпен келетіндер саны қыста көбірек. Қысқы маусымда негізінен тобығы сынып келеді. Ауыр жарақат – жамбас буыны, білек сүйектері сынатындар бар. Мұндайда операция жасалады. Әдетте сынық орнына түссе гипс салып, үйге емделушге жібереміз. 5-8 аптадан кейін гипсін шешеміз», - дейді жарақат пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашов.

Ауыр жарақатпен түскендер травматологиялық бөлімшеге жатқызылады. Мұнда 14 дәрігер қызмет етеді.

«Үсікпен түскендердің басым бөлігі мас болады. Оларды аман алып қалу үшін ампутация жасап, қолдарының басын, табандарын алып тастаймыз. Өкінішке орай үсікпен түсетіндердің қатары жылдан жылға артып келеді. Қыс маусымында ең кемінде 40 шақты адамды қабылдаймыз. Бұрын негізінен қаңғыбастар болатын, ал қазір спирттік ішімдік ішкендер немесе жарақат алып, далада жатып қалғандар түседі», - дейді Никос Леонов.

Бір жылда 2 мың сырқат бөлімшеге жатқызылып емделеді, оның 1,5 мыңына операциялар жасалады.

«Облыстағы жалғыз бөлімше. Жамбас, тізе буынын ауыстырамыз. Жылына осындай 150-ге жуық ота жасалады. Бұдан басқа да көптеген оталарымыз бар. Биылдан бастап вальгус деформациясына да ота жасайтын болдық. Осындай 10 операция істелді. Мұндай қымбат оталардың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі», - травматологиялық бөлімше меңгерушісі Никос Леонов.