Аязды күндері пеш жаққанда өрттен қалай сақтану керек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары аязды күндері пеш жаққанда өрттен қалай сақтану керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аяз күшейгенде пештен шыққан өрт жиілеп, иіс тиген адамдар көбейеді. Соған орай пеш жаққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн.

Қыста үйді жылыту үшін пеш дұрыс, ең бастысы қауіпсіз қалануы керек. Жер үй иелерінің «тағы бір қыстап шығамын» деп өзінің және жақындарының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы қайғылы жағдайларға әкеліп соғып жатады.

«Шатырға да назар аударған жөн. Негізінен дәл осы шатырдан өрт шығуының себебі өте көп. Онда тұрмыстық қоқыс, ескі заттар мен кітаптар, жиһаздар сақталады. Ал мұның бәріне мұржа жақын тұрады. Мұржада жарық болса кішкентай ғана ұшқын да қызыл жалынның шығуына жеткілікті», - деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Шығыс Қазақстанда пеш жағып отырған 114 000-ге жуық үй бар. Алдағы күндері аймақта ауа температурасы тағы да суытады деп күтілуде. Осы ретте, құтқарушылар тұрғындарға аязды күндері пешті қалай жағу керектігін түсіндірді:

- Пешті күніне бір рет емес, бірнеше рет қыздырған дұрыс,

- Пеш есігінің алдында міндетті түрде от алдындағы металл табақ болуы тиіс ,

- Пешті бензинмен, керосинмен немесе басқа жанғыш сұйықтықтармен жақпаңыз. Оларды қолданған кезде жарылыс болуы мүмкін,

- Күлді, шлакты, көмірді жанатын құрылыстардан 15 метр қашықтықта орналасқан арнайы жерге қою керек,

- Пеш жағуды ұйқыға жатар алдында кемінде 2 сағат бұрын тоқтату керек.


Фото: dreamstime.com