Метеорологтардың хабарлауынша, елордада апта соңына дейін күн суық болады, түнде -30;-35°C, күндіз -23;-30°C аяз тұрады. Ертең елордада күн бұлтты болады, аздап қар жауады. Солтүстік-шығыстан, шығыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Түнде ауа температурасы -30;-32°C, күндіз -24;-26°C. 31 қаңтарда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Солтүстік-шығыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады. Түнде ауа температурасы -33;-35°С, күндіз -28;-30°C. «Аязды күн райы 2 ақпанға дейін сақталады. Содан кейін ауа температурасы -20;-25°C, түнде -30;-35°C дейін көтерілуі ықтимал», - деді аstana.kz сайтына «Қазгидромет» РМК. Айта кетейік, бірнеше күннен бері қатты аяз салдарынан елордалық мектептерде сабақ өткізілмей келеді. Бүгін бірінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары мен колледждердің 1,2 курс студенттері үшін сабақ өткізілген жоқ. Екінші ауысымда оқитын 1-4 сынып оқушылары да мектепке бармайды. Еске салайық, оқу жылының қысқы кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мақсатында 1-4 сыныптарда ауаның температурасы -25 градус және одан төмен болғанда; 1-9 сыныптарда ауаның температурасы -30 градустан төмен болғанда; 1-11(12) сыныптарда, кәсіптік лицейлерде, колледждерде (1-2 курс оқушылары үшін) - 35 градустан төмен болғанда Астана қаласы әкімдігімен келісілген білім ұйымдарында сабақты тоқтатудың параметрлері белгіленген болатын.
12:31, 29 Қаңтар 2014
Аяздың беті ендігі аптада сынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы күндері Астанада қатты аяз болады. Синоптиктердің болжамынша, ауа температурасы келер аптада ғана көтеріледі. Бұл туралы astana.kz сайтына «Қазгидромет» РМК хабарлады.