Аязға байланысты төрт облыстың аумағындағы республикалық жолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді

None
АСТАНА. 10 жетоқсан. ҚазАқпарат - Аязға байланысты төрт облыстың аумағындағы республикалық жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлайды.

Атап айтқанда, сағат 18:30-дан бастап Павлодар облысының барлық бағыттарында қоғамдық және дизель отынымен жүретін көліктерге жолға шығуға тыйым салынды.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы аумағында да барлық бағыттарда қоғамдық, жүк, дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.

Ал ШҚО аумағындағы «Омбы-Майқапшағай» автожолының 587-733 шақырымы учаскесіндегі «Павлодар облысы шекарасы-Семей» аралағында да осындай шектеулер енгізілді.

Бұған қоса сағат 19:15-ден бері Ақмола облысындағы «Астана-Ерейментау-Шідерті» жолының 16-205 шақырымындағы «Астана-Павлодар облысы шекарасы» аралығында да қоғамдық және дизельдік отынмен жүретін көліктер үшін жол жабылды.