Аязға қарамастан Қазақстанның кейбiр өңiрлерi астық орып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда егiн алқаптарынан биыл 18 миллион тонна бидай жиналды. Бұл туралы бүгiн ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң жауапты хатшысы Арман Евниев мәлiм еттi.

«Бүгiнгi таңда 18 млн. тонна бидай орылды. Әзiрге бұл таза салмағы емес. Таза салмағы шамамен 10-15 пайызға кем болады», - деп атап өттi ол.

Оның сөзiне қарағанда, өңiрлерде бидайды әлi күнге дейiн орып жатқандар бар. «Мүмкiндiгi бар жерлерде, әрине. Егiншiлер қолдан келгендерiн iстеп жатыр, түнде де оруды жалғастыруда. Орылмай қалған егiннiң көлемi көп емес, шамамен 1,5-2 пайыз қалды», - дедi А. Евниев.

А.Евниевтiң сөзiне қарағанда, солай бола тұрса да, егiншiлер еңселерiн түсiрмеген. Қайта шығынды мейлiнше азайту бойынша бар бiлiктiлiктерiн салуда.