16:10, 16 Сәуір 2009
Айбас дарасы
Айбас дарасы – Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы қола дәуіріне жататын ежелгі ескерткіштердің бірі. Айбас дарасы ескерткіштер кешені Едіге шыңынан солтүстік-батысқа қарай бір жарым шақырым жерде, Айбас өзенінің бойында орналасқан.
Қорымды 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы ашқан. 1956 жылы ескерткішті академик-ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның басқаруымен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Ескерткіш кешені кейінгі қола дәуіріне жататын тас қоршаулар, обалар, ежелгі түркілер кезеңінің белгілері сақталған бейіттер мен Қазақ хандығы тұсындағы қорымдардан және екі жағын су қоршап тұрған тастан өрілген қамал-бекіністен тұрады. Екі жағынан су қоршап тұрған бұл қамалды жаугершілік замандарда жергілікті халық басқыншылардан қорғану үшін тұрғызған. Айбас дарасындағы ескі молалардың барлығы дерлік тоналған, қиратылған. Таспен қоршалған обаның пішімі төртбұрышты, көлемі 25х25 метр, биіктігі 2-2,5 метр. Қабір жалпақ тас плиталармен жабылған. Сыртқы қабырғалары тік қойылған тақта тастармен қаланған, қалыңдығы 4-6 метр, қақпасын батыс жағынан шығарған. Солтүстік-батыс бұрышында көлемі 3,5х1,2 метр бөлме орны сақталған. Бұл зират Бегазы ? Дәндібай ескерткіштеріне ұқсас және кейінгі қола дәуіріне жататын осы аттас мәдениеттің таралу шекарасының ең батыс нүктесі болып есептелінеді.
2004 жылдан «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде қорымды қоршап тұрған қамал-бекіністі зерттеу жұмыстары, ал 2005 жылдан бастап қоныс орнына қазу жұмыстары жалғасын тапты.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том
Қ.Ахметов, «Ұлытау», «Менің ? Отаным Қазақстан» сериясы