«Осы атаулы күнге орай, Президент Іс басқармасына қарасты ұйымдарда жұмыс істейтін, осы салаға қатысты бар әріптестерімізді құттықтаймын! Сән-салтанаты жарасқан көптеген әсем ғимараттардың бой көтергені, халық игілігі үшін сапалы қызмет атқарып тұрғаны өздеріңіздің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі.
Осыдан 18 жыл бұрын құрылған «Қазқұрылысжүйесі» мекемесі халықтың көз қуанышына айналған ондаған ғимараттың бой көтеруіне атсалысып, техникалық бақылауды жүзеге асырды. Атап айтқанда, Ақорда резиденциясының, Парламент палаталары, Қорғаныс министрлігі мен Министрліктер үйі, Жоғарғы Сот ғимараттарының салынуына сүбелі үлес қосты. Біздің әріптестеріміздің еселі еңбегінің арқасында «Бәйтерек» монументі, Салтанат сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық кітапхана, «Астана-Опера», «Астана-Арена» стадионы сынды елорданың мақтанышына айналған мәдени және спорттық нысандар пайда болды», - деп жазды Айбек Арқабайұлы.
Оның пайымынша, бұл мереке тікелей құрылысшыларға ғана емес, сонымен қатар инженер, электрик, ағаш шебері, тазалаушы және басқа да мамандық иелеріне де қатысты. Себебі, ғимараттардың сапалы салынуы, инфрақұрылымының мүлтіксіз жұмыс істеуі, күн сайынғы күтімі, ұзақ уақыт халық игілігіне жарауы осы кісілердің жұмысына тікелей байланысты екені сөзсіз.
«Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке мен мол қуаныш тілеймін!» - делінген жазбада.